Германияда автобустағыларды құтқарған жолаушы қоғамдық көлікте өмір бойы тегін жүретін болды

Германияда ерлік жасаған жолаушыға өмір бойы қоғамдық көлікте тегін жүру құқы берілді. Автобус жүргізушісі есінен танып қалған соң, жолаушылардың бірі көлікті амалын тауып тоқтатып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат dw.com сілтеме жасап.

Германияның Дуйсбург қаласында жолда жүріп бара жатқан автобустың 58 жастағы жүргізушісі есінен танып қалады. Басқарусыз автобус қарама-қарсы бағытқа шығып, жол шетіндегі қоршауды бұзып кеткен. Жолаушылардың бірі кабинаға өтіп, көлікті «тізгіндеп», оны тоқтатып алды.

Апаттың алды алынған соң, жас жолаушы автобустан шығып жөнімен кете барған.

«Мен айтарлықтай ештеңе істеген жоқпын», — дейді 24 жастағы О.Мохаммед

Қайғылы оқиғаға жол бермегені үшін оған ерекше құрмет көрсетілді. DVG көлік компаниясы қаладағы қоғамдық көлікте өмір бойы тегін жүруге құқық беретін билетті табыстады, деп жазады General-Anzeiger басылымы.

Пікір қалдырыңыз