Бердібек Сапарбаев жастармен галстуксыз кездесу өткізді

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жастардың ұсыныс тілектерін тыңдады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылын ашып, бүгін өңірде ұсыныстар тыңдалды. Өңір басшысы өз сөзінде Президент қатысуымен өткен жиында үш ақтөбеліктің алдыңғы қатарда отырғанын атап өтті.

«2019 жыл Ақтөбенің әрбір жасының есінде қалуы керек. Сол жылы үй алдым, жұмысқа орналастым, маман иесі атандым деп айтуы тиіс. Астанадағы жиында Президент жастардың есінде қалатын іс жасауды тапсырды. Кеше жастармен кездесуде Мемлекет басшысының артында үш ақтөбелік жас отырды. Олар: Димаш, Құралай, Аян. Қандай жақсы! Барлығы сондай бола алады. Бәріне сондай мүмкіндік жасалған. Бірақ белгілі азамат болуы, дүниежүзіне қазақтың атын шығаруы өзіне, еңбекқорлығына байланысты», — деді өңір басшысы Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі түрлі сылтау айтып, жұмыс таппай жүрген жастарды Шахан Жолдасбаевтан үлгі алуға шақырды.

«Еріктілер қозғалысын дамыту керек. Ақтөбеде жұмыс жақсы жүріп жатыр. Ардагерлерге, мүгедектерге көмектесесіздер, рақмет. Еріктілер форумын өткізу тапсырылды. Қаржыландыру қарастырылады. Қанша жас волонтер болып жүр деген сұрақ бойынша жұмыс істеу керек. Ешкім ұмыт қалмасын», — деді облыс әкімі.

Пікір қалдырыңыз