Ақтөбеліктер Құралай Байменоваға автокөлік мінгізді

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Біз біргеміз» дәстүрлі шарасы өтті. Кеште арбада отырып ән шырқағандар көпшіліктің көңілін көтеріп, жігер берді.

Өңірдің қоғамдық өміріне атсалысып жүрген ерекше жандарға облыс әкімі алғыс білдірді. Бердібек Сапарбаев Президенттің қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» марапатын алған Құралай Байменоваға арнайы көтергіші бар автокөліктің кілтін тапсырды.

«Өмір – күрес. Өмірдің ащысы мен тұщысына төзіммен қарау керек. Қиындықты жеңуге ұмтылу керек. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатардан қалмай алға ұмтылып, өнер көрсеткенін көрдік. Бұл көрініс кез келген адамға ой салады. Президентіміз ел алдында Құралай Базарбайқызын көпке үлгі қылды. Жүздеген, мыңдаған адамға көмек жасап, қолдау білдіріп отырған Құралай Базарбайқызының еңбегі зор. Мемлекет жарымжан жандарға қолдау білдіріп келеді. Бірлік талайды жеңеді», — деді Берібек Сапарбаев.

Бұдан өзге облыс басшысы «Жайна» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына, «Қазақ саңыраулар қоғамы» филиалына, Қазақ соқырлар қоғамының кәсіпорнына, «РАСтемка» және «Қадам+» қоғамдық бәрлестіктеріне миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Өңірде мүмкінігі шектеулі балаларға ерекше көңіл бөлінетінін атап кету керек. «Бақытты бала» жобасы аясында «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті лагері, 220 орындық «Нектар» коррекциялық балабақшасы, туа бітті сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге арналған орталық, аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған «Аяла» орталығы ашылды.

Пікір қалдырыңыз