Ақтөбелік жастар ағылшын тілін үш ай бойы тегін үйренеді

Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ағылшын тілін үйренуге ниеттенген жастар үшін тегін курс жұмыс істейді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Курс барысында әліпбиден бастап ауызекі еркін сөйлеуге дейін үйретіледі. Аптасына бір рет екі сағаттан Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік униерситетінің білікті мамандары дәріс беретін болады.

«Бұл «Үш тұғырлы тіл — заман талабы» атты үш айлық ағылшын курсының тегін оқыту кезеңінің екінші науқаны. Өткен жылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған жүзден астам студент пен оқушы курстан өтіп, сертификат тапсырылды. Биыл да сол игі істі жалғастыру мақсатында 16-29 жас аралығындағы барлық қатысушылар үшін шет тілі тегін оқытылады», — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Ербол Телібеков.

Ақпан айынан бастап ағылшын тілін тегін оқуға ниеттенген жастардың құжаттары қабылданады.

Пікір қалдырыңыз