«Әлия-Мәншүк-Хиуаз» әскери-патриотық клубына 6 жыл толды


Әскери-патриоттық клубтың мерекелік шарасына байланысты отряд құрамына жаңа өнерпаздар қабылданды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Батыстан шыққан батыр қыздардың рухына арналып құрылған патриоттық қыздар клубына алты жол толды. «Әлия гүлі» ансамблінің бишілері өнер көрсететін отряд осы кезге дейін Мәскеу, Ленинград, Новосокольника, Монохова, Казачиха, Санк-Петербург қалаларында жеке концерттік бағдарламамен болған.

«Барлығы батыстың қыздары болғаннан кейін алты жыл бұрын осы клубты аштық. Ең алдымен патриоттық тәрбиені қолға алдық. Әлия отрядында «Әлия гүлі» ансамблі, Мәншүк отрядында «Гүлдерайым ансамблі», Хиуаз отядында «Сұңқар» ансамблінің өнерпаздары бар. Ресей қалаларынан бөлек жыл сайын Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың туған күндеріне орай Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында мерекелік кештерге қатысамыз», — дейді «Әлия гүлі» ансамблінің көркемдік жетекшісі Шолпан Кәрімқызы.

Мерекелік шара барысында арнайы ант беріп, патриоттық клубтың жаңа мүшелері қабылданды.

«Үш батыр қызымыз ерліктің үлкен жолын көрсетті. Тарихта қазақ халқының биік тұлғасы болып қалады. Бір жылдары Мәншүк Мәметованың есімі аталмай қалды. Содан кейін Әлия мен Мәншүкті қосып, «Қос шынар» деген қоғамдық бірлестік құрдым. Келесі жылы 20 жыл болады. Ал мына ансамбльмен Ресей елінің бірнеше жерінде талай концерт қойдық. Сол кезде көрші елдің халқы орнынан тұрып, ілтипат көрсетті. Жаңадан қабылданып жатқан өнерпаздарға ақ батамды беремін», — дейді «Қос Шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Байдербес Ғалымжан.

Пікір қалдырыңыз