Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай супермарафоншы Марат Жыланбаев шеберлік сабағын өткізеді

Көктемде Ақтөбе қаласында өтетін бұқаралық марафонға Азия, Африка, Аустралия мен Американың ірі шөлдерінде жалғыз өзі жүгіріп шыққан Марат Жыланбаев шақырылады. Бұл туралы облыстық спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов мәлімдеді.

«Былтыр спорт күніне орай Марат Жыланбаевты шақырғымыз келді. Бірақ ұйымдастыруға уақытымыз жетпей, үлгермей қалдық. Енді алдын ала оны танитын адамдарға хабарластым. «Маған қоңырау шалсын, келемін» деп жеткізген», — дейді басқарма басшысы.

Өзінің төзімділігімен әлемді таңғалдырған Марат Жыланбаев көктемгі марафонда ақтөбеліктерге шеберлік сабағын өткізуі мүмкін.

«Супермарафоншы атану үшін Марат Жыланбаевтан бәрі жүгірудің теориясын үйренгілері келеді. Сондықтан әлем бойынша оны көп адамдар шақырады. Сондай шеберлік сабағын ол марафон алдында екі-үш күн бұрын Ақтөбеде де өткізбек. Марафонға қалай дайындалу керектігі жайында түсіндіреді», — деді Мейрамбек Махамбетов.

Басқарма басшысының сөзінше, қаланың 150 жылдығына орай жыл бойы ақтөбеліктер үшін кең ауқымды спорттық шаралар өткізілмек.

Пікір қалдырыңыз