Жұмыс жасамайтын лифт үшін ақша төлеп отырған ақтөбеліктер әкімнен араша сұрады

Көрнекі фото

Жергілікті телеарна арқылы тікелей эфирге шыққан облыс әкіміне тұрғындар қаладағы лифт мәселесін көтеріп, сұрақтарды қарша боратты.

«Жедел сатыларға байланысты көптеген сұрақтар келді. Бір-екеуіне тоқталып кеткім келеді. 12 мөлтек ауданында өткен жылы қайғылы жағдай тіркелген үйде лифт әлі іске қосылған жоқ. Бұл үйде зейнеткерлер көп тұрады. Осы жағынан жауап болса және «Батыс –2» ауданының тұрғыны сұрақ жолдаған: «Батыс 2» ауданындағы №15 үйде тұрамын. Бізде лифт тамыз айынан бастап жұмыс жасамай тұр. Бірақ жауапты мекеме ай-сайын түбіртек жіберіп төлетіп отырады. Өзім 7 қабатта тұрамын, мүгедек баланың анасымын. Жеті жастағы баламен күнде мініп-түсу маған қиын. Біз осылай қиналып жүрсек те пайдаланбайтын лифтінің ақшасын төлеттіріп қояды. Осы мәселені көтеріп бармаған жерім жоқ. Біз неге жұмыс жасамайтың лифт үшін ақша төлеуіміз керек?», — деді жүргізуші Ернұр Бурахан.

Тұрғын үйлермен ондағы техникалық қызметтің жекенің қарамағында екенін айтқан әкім кемшіліктерді бақылауына алатынын айтты.

«Бізде үйлердің, пәтерлердің барлығы жекенің қарамағында. Лифт қызметін жеке компаниялар қарап отыр. Тұрғын үйлерді жаңғырту жөнінде бағдарлама бар. Биылдан бастап қала әкімшілігі лифттерді жаңарту жұмыстарын бастады. Қазіргі таңда олардың бесеуі жаңартылды. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады. Сонымен қатар, бұл жұмыстарға демеушілер тартылатын болады. Себебі мұндай жұмыстарға бюджеттен қаржы бөлу заңсыз болып есептеледі. Ал жұмыс жасамайтын лифт үшін ақша төлеу дұрыс емес. Мен бұл сұрақ бойынша қала әкіміне тапсырма беремін. Мекеме жұмыс жасамай тұрған лифт үшін тұрғындардан ақша алмау керек», – деді Бердібек Сапарбаев.

Пікір қалдырыңыз