Қазақстанда туберкулез бен сифилиске шалдыққандардың да ағзасы трансплантациялануы мүмкін

Қазақстанда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мамандар емделетін жұқпалы ауруы бар мәйіттік донорды пайдалануға рұқсат сұрап отыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе медициналық орталығында трансплантология орталықтарын дамыту және донорлықты жетілдіру мақсатында жиын өтті. Жиынға трансплантолог Жақсылық Досқалиев,Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары Серік Жарықов қатысып, еліміздегі ағза ауыстыру жұмыстарына тоқталды.

«Елімізде трансплантация дамып жатыр. Бірақ мәйіттік донор тапшы. Біріншіден, 100 мәйіттік донор анықталса, оның 70 пайызында ағзасы жарамсыз болып қалады. Биыл 42 мәйіт зерттеуге алынса, тек 9-ының ағзасы алынды. Өзгесі инфекция болған соң алынбады. ВС гепатиттері, сифилис, туберкулез анықталды. Заң бойынша біз ол адамдардың ағзасын алып, сала алмаймыз. Дамыған елдер мұндай ағзаны алып, салуға мүмкіндік береді. Келер жылдан бастап біз де осы әдісті қолдануымыз мүмкін. Заң қазір Парламентте талқыланып жатыр», — деді трансплантолог Жақсылық Досқалиев.

Сонымен қатар, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне балалардың ағзасын ауыстыру туралы өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Қазір мұндай отаны мемлекет өзге елге тапсырыс беріп, жасатып жүр.

«Балаларға да мәйіттік донорды пайдалануды көздеп отырмыз. Қазақстанда бүйрек, бауыр, жүрек ауыстыруды қажет ететін балалар бар. Қазіргі кезде салмағы 5 келіден асатан балалардың ағзасын ауыстыру отасы елімізде жасалып жүр. Өзгесін шетелде жасатады», — деді Жақсылық Досқалиев.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазіргі күні 2250 адам бүйрек, 450 адам бауыр, 150-ге жуық адам жүрек ауыстыру отасын күтіп жүр. Ал 10-ға жуық адам жасанды тыныс алуға қосулы жатыр. Оларға өкпе ауыстыру қажет.

Пікір қалдырыңыз