Бірге оқыған бес жігіт бір-біріне ағзасын беруге дайын болды – Досқалиев

Қазақстанда туыстық ғана емес, достың, көршінің, танымайтын жандардың донорлығы дамып келеді. Жақсылық Досқалиев өзіне бірге оқыған бес жігіт келіп, көмек сұрағанын айтып берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Маған бірге оқыған бес жігіт келді. Біреуінің бүйрегі ауырады. Олар Ақмола облысының тумалары. Төрт жігіт «қайсысымыздың ағзамыз келеді, соны алып, салыңыз» деді. Зерттеу, тексеруден соң біреуінің бүйрегі сай келді. Қазір ол жігіт «шауып жүр». Мұндай мысал көп. Көршісі де ағзасын беріп жатады. Бірақ біз үшін ең қауіпсізі — мәйіттік донорды дамыту», — деді трансплантолог Жақсылық Досқалиев.

Маманның айтуынша, мәйіттік донорды дамытуға біріншіден инфекция, екіншідегі қоғамның ой-санасы кері әсерін тигізіп тұр.

«Адамдар жер астына барлық ағзасымен баруы керек деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Трансплантация медицина саласындағы емдеу тәсілі. Дініміз де рұқсат беріп отыр. Тек адамның ой-санасы өзгеріп, бір адамның бірнеше жанды құтқаруына мүмкіндік беруіміз қажет», — деді Жақсылық Досқалиев.

Пікір қалдырыңыз