Ақтөбеде трансплантациялауды дамытуға арналған HLA-зертханасы іске қосылады

Көрнекі фото

Ақтөбе облысында 120 адам бүйрек, 37 адам бауыр ауыстыру отасын күтуде. Келер жылы трансплантация орталығында HLA-зертханасы іске қосылады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

2014 жылы Ақтөбе облысында трансплантация орталығын ашу жұмысы басталды. Бір жылдан соң орталық ресми жұмысқа кірісті. Қазіргі уақытта 30-дан астам бүйрек, бауыр ауыстыру отасы жасалды. Дегенмен бұл әлі де аз. Себебі, гемодиализге таңылған адамдар саны ай сайын 5-6-ға артып келеді. Бұл адамдарда да бүйрек ауыстыру отасы кезегіне тұрады.

«Бауыр циррозы дертіне шалдыққан науқасты зерттеуге алып, қан кетуі тоқтаған соң бір жылда адам көз жұмып жатады. Науқастардың 20 пайызы осылай қаза болады. Бұл дертке шалдыққан адамдарды емдеудің жалғыз жолы – трансплантация», — деді Ақтөбе облысының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев.

Трансплантация орталығы ашылған кезде 6 маман Беларусь елінде, 5 маман Түркияда білімін жетілдірді. Сонымен қатар, 13 маман Оңтүстік Кореяда трансплантацияның қыр-сырын үйренді. Келер жылы Ақтөбеде трансплантациялауды дамытуға арналған HLA-зертханасы іске қосылады. Бұл жұмысты жетілдіріп, жеделдетуге мүмкіндік береді.

Пікір қалдырыңыз