Ақтөбе облысында ауыл тұрғыны мешіт саламын деп тракторын сатып жіберген

Ойыл ауданында жеке өзі мешіт салған адам тұрады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Көптоғай ауылдық округінің Амангелді ауылының тұрғыны Жамаладдин Дүйсенов жалғыз өзі мешіт тұрғызыпты. Мешіттің ауданы 64 шаршы метр.

«Құжат бойынша ауданы 8х8 метр деп тұр. Кейін дәліз қостым. Сөйтіп, 10х8 метрге жетті. Мешіттің құрылысын өзім бастап кеттім. Сол үшін 1 миллион теңгеге тракторымды сатып жібердім. Кейін жамағат қаржылай да, құрылыс материалдары жағынан көмектесті», — дейді жергілікті имам Жамаладдин Дүйсенов.

Айтуынша, 2010 жылы құрылысы басталған мешіт бір жылға да жетпей салынып болды. Қазіргі таңда Жамаладдаин Дүйсенов сол мешітте имам болып отыр.

«Алла қалауымен мешітті салдым. Менің аталарым – мешіт ұстаған адамдар. Абдулла Хазірет деген атам көк мешітті, ал Уәли атам ақ мешітті ұстаған», — дейді Жамаладдин Дүйсенов.

Айта кетейік, 100 үйі бар Амангелді ауылында намазға жығылып жүрген 3-4 қана жамағат бар.

Пікір қалдырыңыз