Алғаш рет ақтөбелік мемлекеттік қызметшілер төрт ай бойына шағын футболдан жарысқа түседі

2018 жылдың 8 желтоқсаны мен 2019 жылдың наурыз айы аралығында сенбі-жексенбі күндері Ақтөбе облыстық басқармаларының және департаменттерінің мемлекеттік қызметшілері арасында шағын футболдан облыстық Лига өтеді, деп хабарлайды облыстық спорт басқармасы.

Аталмыш спорттық шараны Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бірлесе ұйымдастырып отыр.

Облыстық Лига мемлекеттік қызметкерлерді дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту, салауатты өмір салтын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізіледі.

«Шағын футболдан облыстық Лига алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жарыстың төрт айға созылу себебі — айналмалы түрде әр команда апта сайын бір-бірімен кездеседі. Мысалға жарысқа 20 команда қатысса, 1 команда қалған 19 командамен ойнап шығады. Сол себепті ұзақ мерзімге созылып отыр. Жарысқа тек облыстық басқармалардың және департаменттердің мемлекеттік қызметшілері қатыса алады. Мемлекеттік қызметкер болып табылмайтын, яғни техникалық немесе өзге де қызметкерлер жіберілмейді. Егер жарыс барысында мемлекеттік емес қызметкер анықталған жағдайда командасы жарыстан босатылады», — дейді ұйымдастырушы мамандар.

Төрт ай бойына өткізілетін бұл облыстық Лига Ақтөбе қаласының футбол алаңдарын қамтитын барлық спорт кешендерінде өтеді. Ал, шараның салтанатты ашылуы 8 желтоқсанға жоспарланған. Қорытындысы 2019 жылдың наурыз айында белгілі болады.

Нәтижесінде жүлделі орындарды иеленген қатысушы-командалар мадақтау қағаздарымен және медальдармен марапатталады. Сондай-ақ, жалпы командалық есепте 1, 2, 3 орын алған командаларға дипломдар мен кубоктар табысталады.

Айта кетейік, алдағы уақытта облыстық спорт басқармасының ұйымдастыруымен қалған салалар бойынша осындай Лигалар өткізу жоспарланып отыр.

Пікір қалдырыңыз