Ақтөбе облысында «Бастау» жобасы түлектерінің алғашқы слеті өтті

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында «Бастау» жобасы бойынша білім алған түлектердің алғашқы слеті өткізілді. Жиынға жобаны биыл және алдыңғы жылғы түлектері, аудан әкімдігінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, қаржы институттарының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Слетті аудан әкімінің орынбасары Бекболат Сәрсенбаев ашып, жобаның өңір экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті. Шараны ұйымдастырушылар «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік білім алған түлектердің бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуын мақсат тұтқан.

«Бастау» — ең алдымен ауыл тұрғындарының әлеуметтік белсенділігін арттыру үшін жасалған жоба. Бүгінгі күні бағдарлама алғашқы нәтижелерін бере бастады. Жоба бойынша оқудан өтіп, кәсіп ашқан жандардың қатары көбейіп келеді. Биыл Мәртөк ауданы жоспарды артығымен орындап, алдыңғы қатардан көрініп отыр. Бағдарлама түлектеріне «Бастау» жобасының мүмкіндіктеріне сенім білдіргендері үшін алғыс айта отырып, олардың бизнес жобаларына әрі қарай да қолдау білдіре беретінімізді айтқым келеді»,-деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жаңа-айым Келбатырова.

«Бастау» жобасы аясында облыста биыл 2 231 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, оның 460-сы қаржы институттары арқылы 1 105 млн теңге көлемінде несие қаражатын рәсімдеген және 901-і грант бойынша, 5-уі екінші деңгейлі банк арқылы қаржы алып, кәсіптерін бастады. Жобаның алғашқы түлектерінің бірі – Мәртөк ауданының тұрғыны Еркінай Оразымбетова. Ол «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 1,5 млн теңге несие алып, 14 бас баспақ сатып алып, оны көбейтіп, кейін ешкі шаруашылығын қолға алды. Бүгінгі күні аудан орталығындағы «Аягөз» ешкі шаруашылығының қаймақ, ірімшік, шұбат секілді өнімдері жергілікті тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.

«Жобаны ұйымдастырушы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына үлкен алғысымды білдіремін. Өзім көпбалалы ана бола отырып, білім алып, кәсіптің көзін ашуға мүмкіндік алдым. Қазіргі кезде үлкен 2 баламды Ақтөбе қаласындағы ауыл шаруашылығы колледжіне оқуға беріп, олар бітірген соң, шаруашылығымды үлкен кешенге айналдырсам деймін. Оған ауданда барлық мүмкіндік бар. Бастысы мен кәсіпті сауатты жүргізуді үйрендім»,-дейді Еркінай Оразымбетова.

Слет кезінде «Ауылдағы бизнесті жүргізу әлеуеті», «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды экономикалық айналымға жұмылдыру» тақырыбындағы баяндамалар жасалып, түлектердің жүзеге асырылған жобалары туралы бейне роликтер көрсетілді. Шара барысында аудан әкімінің, Кәсіпкерлер палатасының атынан үздік жоба иелері алғыс хаттармен марапатталды. Шара жоба түлектерінің өнімдері қойылған жәрмеңкеге ұласты.

«Слетті ұйымдастырудағы мақсатымыз жобаны бітірген түлектердің бір-бірімен тәжірибе алмасып, жетістіктерімен бөлісуіне, бір-бірімен тығыз байланыс орнатуына ықпал жасау болды. «Бастау» жобасының негізгі идеясы — кәсіпкерлердің санын көбейтіп, жұмыссыздықты жою», — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының Мәртөк аудандық филиалының директоры Айгүл Баубекова.

Жоба түлектеріне арналған слет республика бойынша алғаш рет өткізілді. Слетке қатысушылар мұндай шаралардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын және ауыл кәсіпкерлеріне ерекше жігер беретінін айтты. Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы «бастаулықтардың» бұл ұсынысын құп алып, алдағы уақытта слет өткізуді үрдіске айналдыруды жоспарлап отыр.

Пікір қалдырыңыз