Ақтөбеде 15 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр

Ақтөбе облысында бірнеше өндіріс орнының құрылысы жүріп жатыр. Жоғары технологиялы инвестициялық жобалар арасында газ өңдеу кешенінің құрылысы, алтын өңдеу комбинаты бар.

Ақтөбе облысында құны 55,8 млрд теңге болатын 15 жоғары технологиялық инвестициялық жоба іске асырылды. Жаңа өндіріс орны іске қосылған кезде 1300 жаңа жұмыс орны ашылды. Ірі жобалардың ішінде Байғанин ауданының Қожасай кен орнындағы құны 33 млрд теңге болатын «Gas Proсessing Company» ЖШС-нің газ өңдеу кешені бар. Кешен ілеспе газды өңдеуді арттырып, тауарлы газды, газ күкіртін, пропан-бутан қоспасын өндіруді игеруге және ілеспе газды алау арқылы жағу проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алтын өңдеу комбинаты, керамикалық плиталар мен құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар, «А» класты логистика орталығы мен басқа да жобалардың құрылысы жүріп жатыр.

Айта кетейік, Президенттің кәсіпорындарды технологиялық жағынан жаңғырту тапсырмасына сәйкес 55 кәсіпорын жаңғыртылды. Жабдықтар мен процестерді технологиялық жетілдіруге 85 млрд теңге жұмсалды.

Пікір қалдырыңыз