Жүкті келіншек «Ақтөбе» футбол командасын қолдаймын деп өкпесіне салқын тигізіп алған

Дәрігерлер жүкті әйелдер мен созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға пневмониядан абай болуға шақырады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысында биыл 9 айда 1853 адам пневмония диагнозымен тіркелген. Бұл ресми статистиканы ұсынған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» филиалы облыс тұрғындарынан өз денсаулықтарына мән беруін сұрайды.

«Тәжірибемде пневмониямен ауыратын науқастар өте жиі кездеседі. Жүкті әйелде пневмония анықталса, бірден ауруханаға жатқызамыз. Мәселен, менің қарауымда 98 жылғы жүкті келіншек жатыр. Ол жексенбі күні 90 минут бойы стадионда футбол ойынын тамашалаған. Өзін «Ақтөбенің» жанкүйері деп атайды. Сол күні салқын болды. Ауру бірден байқалмаған. Үйіне келіп, шайын, тамағын ішкен. Түн ортасында сағат 3-4-те 38 градустық дене қызуымен оянған. Қазір біздің емханада үшінші тәулік ем қабылдап жатыр. Жағдайы жақсы», — дейді Ақтөбе медицина орталығының пульмонолог дәрігері Динара Каримолдаева.

Сондай-ақ, дәрігер тағы бір мысал келтірді. Жер үйде тұратын 79 жылғы жүкті әйел аулаға жеңіл киіммен шығып жүрген. Кішкентай салқын тигізіп алудың салдарынан оның да кеудесі қабынған.

«60 жастан асқан адамдарда пневмонияның симптомдары байқалмауы да мүмкін. Тек рентген арқылы біле аламыз. Көбіне пневмония кезінде адамның дене қызуы көтеріледі, жөтеледі, кеуде қуысы ауырады, ентігеді», — дейді дәрігер.

Динара Каримолдаеваның сөзінше, созылмалы ауруы бар науқастар өз денсаулықтарына аса зор мән беруі керек. Өйткені қосалқы ауруы бар науқастар пневмонияны асқындырып алады екен.

«Пневмония бронх демікпесі, өкпенің созылмалы абструктивті ауруы, жүрек-қан тамыр ауруы бар науқастарда жиі кездеседі. Көбіне олар ауруын асқындырып алады. Мәселен, бізге түскен бір науқаста бронх демікпесі болды. Ол пневмонияны бронх демікпесінің асқынған түрі деп ойлап, үйінде жата берген. Бізге келген соң оны компьютерлік томографияға түсірдік. Өкпесі тұтас қабынып кеткен екен. Өкінішке қарай, тым кеш болды, ауру емге бағынған жоқ», — дейді Динара Каримолдаева.

Дәрігердің айтуынша, соңғы 5-10 жылда пневмония диагнозымен адамдар ауруханаға жиі түседі. Ресми статистикаға сүйенсек, облыста пневмониямен ауырған 1800 адамның 900-ден астамы ересектер болса, 800-ден астамы 18 жасқа дейінгі балалар боп есептеледі.

«Пневмонияның негізгі емдеу шарасы – антибиотиктер терапиясы. Науқастың анализ нәтижесіне байланысты дәрілер тағайындаймыз. Науқас оңалып жатса, емханалық деңгейдегі бақылауға аламыз. 10 күн ішінде біздің ауруханаға 10 адам пневмония диагнозымен түседі. Менің ойымша, диагностикалық қызметтің жақсаруынан науқастарды көп анықтап жатырмыз. Бізде компьютерлік томография, сандық рентгенография бар. Қазір бәрі қолжетімді», — дейді дәрігер.

Пікір қалдырыңыз