Тимур Құлыбаев мемлекеттік компаниялар санын 2 есе қысқартуды ұсынды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев мемлекеттік компаниялар санын 2 есе қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бизнесті қорғау форумында сөз алған Тимур Құлыбаев әртүрлі бағалаулар бойынша, мемлекеттің экономикадағы үлесі ЖІӨ-нің 50 пайызынан астамын құрайтынын жеткізді. Оның айтуынша, мемлекеттік кәсіпорындар негізінен экономиканың тасымалдау, логистика, сауда секілді бәсекелі салаларына шоғырланған. Қазіргі заңнама мемлекеттік компаниялардың 348 қызмет түрімен айналысуына рұқсат етеді. Олар 44 салада қызмет жүргізіп отыр.

«Мемлекет үлесін қысқартуға бағытталған саясаттың іске асырылып отырғанына қарамастан, жаңа кәсіпорындар мен мемлекеттік компаниялардың құрылып жатқанына куә болып отырмыз. Мемлекеттік органдар өз қажеттілігіне орай жаңа кәсіпорындар мен мемлекеттік компанияларды құрады. Мұнда көбінесе бәсеке мәселесі назардан тыс қалады. Соның нәтижесінде 2000 жылдан бері мемлекеттік кәсіпорындардың саны 23 723-тен 26 612-ге дейін артты. Практика ойын ережесін өзгерту қажеттігін, квазимемлекеттік сектордың қызмет түрлерінің негізді екендігіне ревизия жүргізу және оларды кем дегенде 2 есеге қысқарту қажеттігін көрсетті», — деді ол.

Бұдан тыс, Тимур Құлыбаев қоғамға қазіргі мемлекеттік компаниялар қызметінің нәтижелі болғаны қажет екенін айтты.

«Біздіңше, бұл жекешелендірудің екінші толқынына қосымша серпін береді», — деді Т. Құлыбаев.

Пікір қалдырыңыз