Қонақ үй иесінен ақша сұраған полиция бастығы кінәсін мойындады

Ақтөбе қалалық сотында Елек полиция бөлімінің бұрынғы бастығы Нәби Алдамжаровқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұрынғы полиция қызметкері тағылған айыппен келісіп, процесуалды келісім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нәби Алдамжаров 2016 жылы Елек полиция бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалған. Айыпталушы 2018 жылдың сәуір айында «ОК» қонақ үй кешеніне барып, иесімен кездеседі. Айыптау қорытындысына сүйенсек, Н. Алдамжаров қонақ үй бизнесіне қолдау көрсету үшін 100 мың теңге сұраған.

«Жәбірленуші Айтолқын Әжімовадан 100 мың теңге сұрады. Ақшаны алуға келесі күні таңертең келетінін ескертті. Содан кейін жәбірленуші Әжімова бұл қылмыстық іс екенін біліп, полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасына хабар берді. Келісім бойынша 20 мың теңге алып, оқиға орнында ұсталды. Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды», — деді мемлекеттік айыптаушы.

Айта кетейік, жәбірленуші кешірім беріп, процесуалдық келісім жасалды. Прокурор сотталушыны айыпты деп танып, өмір бойы мемлекеттік, құқық қорғау саласында жұмыс істеу құқығынан айырып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салуды сұрады. Яғни, 200 мың теңгеден астам айыппұл төлеуі мүмкін.

Пікір қалдырыңыз