Бакуде киіз өнерінің майталмандары бас қосқан симпозиумда қазақстандық дизайнердің жұмысы жоғары бағаланды

Әсел Хайрулла — қазақтың «күпі киген» ұлттық өнеріне заманауи шекпен жамылдырған саусақпен санарлық этнодизайнерлердің бірі, деп хабарлайды Assembly.kz

Қазақ қызына ғана емес, әлем сәнқойларына киізден көйлек кигізсем деген арманы бар жас шебер, төрт түліктің жүнінен басылып, таза табиғи шикізаттан тігілген киімнің жылуы да, сұлуы да маңызды дейді.

Жуырда Әзірбайжанның Баку қаласында «Түркі әлемінің ортақ тілі – ою-өрнектер» симпозиумы өтті. Онда киіз өнерінің майталмандары бас қосып, сән үлгілері ұсынылған. Айтулы шараға біздің жерлесіміз Әсел Хайрулла да қатысты. 22 елден келген қатысушылардың алдында Әсел «Қазіргі киіз өнерінің сән әлеміндегі орны немесе даму қарқыны қандай?» тақырыбында баяндама жасап, өнер майталмандарымен сұқбаттасып, өз кәсібіне байланысты ақыл-кеңестер алған.

Орталық Азияның түкпір-түкпірінен келген киізден басылған киім дизайнерлерінің сән үлгілерінің көрсетілімдері болды. Мақтануға тұрарлық бір жағдай, бұл көрсетілім Әселдің коллекциясымен ашылыпты. Қарапайым көрермендер де, жалпы осы сала мамандары да жас таланттың жұмысыма жоғары баға берген екен.

Пікір қалдырыңыз