Ақтөбеде облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды

Ақтөбе қаласының Батыс-2 ықшам ауданында тарихи-өлкетану музейі ашылды. Музей құрылысына меценат Исламбек Салжанов қаржы бөлді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбедегі музей құрылысына меценат Исламбек Салжанов 635 миллион теңге қаржы бөлді. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылымына облыс әкімдігі қаржы аударды. Мұнда 5 зал бар. Бірінші зал батыс өңірінің, Ақтөбенің флорасы мен фаунасына арналды. Сонымен қатар, ежелгі дәуірдің аң-құстары, пайдалы қазбалар туралы толық мәлімет бар. Сонымен қатар, археология, «Алтын зал», «Қазақ хандығы», «Дала дәлмарлары» секілді арнайы бөлімдер қарастырылған. Музейдің ашылуы Президенттің көшпелі музейінің келуімен тұспа-тұс келіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Исламбек Салжановқа өз алғысын білдірді.

«Музей ол біздің тарихымыз. Тарихсыз болашақ болмайтынын бәріміз жақсы білеміз. Музейді салуға көмектесіп, демеуші болған жерлесіміз Исламбек Салжановқа рақмет айтамыз», — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, облыстық тарихи-өлкетану музейінде 130 мыңнан астам жәдігер бар. Ескі музей ғимараты өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмеген соң, бірнеше жыл бұрын жабылып қалған болатын. Ал жаңа музей құрылысы өткен жылы басталды.

Пікір қалдырыңыз