Димашпен бірге Лондонда ән салатын ақтөбелік оқушы дайындықты бастады

Ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова әнші Димаш Құдайбергеннің Лондонда өтетін концертіне қатысады. Мектеп оқушысы бүгін дайындықты бастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбелік оқушы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде тәлім алады. Нарғыз Жанұзақованың анасы бүгін Өнер орталығына барып, Светлана Айтбаевадан дәріс алатынын, дайындық басталғанын айтып берді.

«Біз сабақтан сұранып, Лондонда болатын концертке дайындықты бастадық. Өнер орталығында Светлана Айтбаева болады. Бұл күн, сапар біз үшін маңызды», — деді Нарғыз Жанұзақованың анасы.

Еске салсақ, «Бақытты бала» жобасы аясында Ақтөбеде халықаралық вокалдық байқауы өтіп, әкесіне ән арнаған Нарғыз Жанұзақова бас жүлденің бірін және Димаш Құдайбергеннің концертіне қатысуға мүмкіндік алды. Әнші Димаш Құдайберген Ақтөбеге келген кезде байқауға арнайы қатысып, тәуелсіз сарапшы ретінде балалардың өнерін тамашалады. Кейін өзінің көңілінен шыққан өнерпазға жүлде табыс етті.

«Мұндай мүмкіндік сыйлаған Димаш ағаға алғысым шексіз», — деп жазды Нарғыз Жанұзақова.

Пікір қалдырыңыз