Ақтөбелік кәсіпкер: Шалғай ауыл балаларының ЭКСПО-ға бара алмағаны жаныма қатты батты

«Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев ауыл балаларын аяп кеткенін айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында Ақтөбе облысының елді мекендерін аралаған кәсіпкер Марат Қойлыбаев мәрттік жасады.

«Қобда ауданының Өтек ауылында болдық. Мектебі 90-шы жылдардан бері жөндеу көрмеген. Газы жоқ болғасын нашарлау тұрады. Менің алдымда Жұбанов атындағы университет профессоры елімізде жақсы жаңалықтар болып жатқанын айтты. «ЭКСПО-ға барғандар бар ма?» деп сұрады. Сонда ешкім үндемеді. Ешкімнің ЭКСПО-ға бармағаны белгілі болды», — дейді Марат Қойлыбаев.

Сонда «Ер-Бақыт» спорттық-партиоттық клубының төрағасы ауыл балаларын аяп кеткенін жасырмады. Ол мектептегі үздік оқитын бес баланы ЭКСПО-ға өз қаражатына апаруға ұсыныс тастады.

«Кішкентай балаға жасалатын кішкентай жақсылық, тасқа ойылғандай із қалдырады. ЭКСПО-ға барған 5-10 баланың ішінен болашақта екі-үшеуі қамқорлық жасауға талпынып тұрады. Атымды шығарам деп мәрттік жасамадым. Балалардың ЭКСПО-ға бара алмағаны жаныма қатты батты», — деді Марат Қойлыбаев.

Пікір қалдырыңыз