Әбдірахманов Қытай елшісімен Шыңжаң қазақтары мәселесін талқылады

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов (сол жақта) және Қытай елшісі Чжан Сяоның кездесуі. Астана, 9 қараша 2018

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытай елшісі Чжан Сяоны қабылдады деп хабарлайды Азаттық СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі ел арасындағы саяси-экономикалық, мәдени байланысты талқылаған тараптар Қытайдағы қазақтар мәселесін де қозғаған. Екі елдің дипломатия өкілдері Шыңжаңдағы қазақ диаспорасын екі елді жалғайтын тірі “достық көпірі” деп атаған. СІМ баспасөз мәлімдемесінде тараптардың Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың мәселесін оңтайлы шешу туралы келісімге келгені айтылады.

Қытай елшісі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жариялаған Қазақстан халқына жолдауын жоғары бағалаған. Қайрат Әбдірахманов екі ел арасындағы қарым-қатынастың ерекше достық пен сенімге негізделгенін атап өткен.

Соңғы бірнеше ай бойы халықаралық қауымдастық Шыңжаңдағы этникалық азшылықтардың «кәсіби тәрбиелеу орталықтарына» қамалуына байланысты Қытайдағы жағдайды жіті бақылап келеді. Кейбір дерек бойынша, мұнда миллионға жуық мұсылман қамалған болуы мүмкін. Қытай билігі бұл лагерьлердің барын мойындағанмен онда қамалушыларды тек «кәсіптік тұрғыда баулитынын», қамалушыларға «еш қысым жоғын» айтып келеді.

 

Пікір қалдырыңыз