АҚШ Кремльдің Қырымға қатысты саясатын қолдағандарға санкция қойды

АҚШ қаржы министрлігінің ғимараты.

АҚШ Қырым аннексиясы мен Ресейдің Донбасстағы дауға араласуына байланысты қойылған санкцияны кеңейтіп, тізімге үш азамат пен тоғыз ұйымды қосты. Бұл туралы АҚШ-тың қаржы министрлігі хабарлады, деп жазады Азаттық.

Санкция тізіміне кіргендердің екеуі – Украина азаматы.

Олар – кезінде Украина қауіпсіздік қызметінде лауазымды қызметте болған, қазір сепаратистер жариялаған Луганск халықтық республикасы билігінің құрамына кіретін Александр Басов пен Украина арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері Андрей Сушко. Үшінші азамат — бұрын Ресей қорғаныс министрлігінде зымыранмен қаруланған әскерилер қолбасшысы болған Владимир Зарицкий.

Жаңартылған санкция тізіміне Қырымдағы «Мрия» шипажайы («Сбербанк» компанияларының бірі), «Ай-Петри», «Дюльбер», «Мисхор» (америкалық саясаткерлердің ойынша, Мәскеу бұл компанияларды заңсыз жолмен тартып алынып, сатып жіберген), «Крымтеплоэлектроцентраль», «Гарант-СВ», Инфрақұрылымдық жобаларды басқару компаниясы, «Южный проект» компаниясы (кәсіпкер Юрий Ковальчук пен «Ресей» банкіне қатысы бар) және өзін-өзі жариялаған Луганск халық республикасының мемлекет қауіпсіздігі министрлігі кірген.

АҚШ-тың Украина бойынша өкілі Курт Волкер аталған азаматтар мен компаниялар санкция тізіміне «Ресейдің Қырымды инвестициялар арқылы біріктіру ұмтылысын қолдағандары үшін кіргізілді» деді.

Ресей Қырымды 2014 жылдың наурызында аннексиялап алған. Батыс елдері Кремльдің бұл әрекетін сөгіп, алдымен – АҚШ, кейін Еуропа елдері санкция салған. Мәскеудің өзі мұны «тарихи әділдікті орнату» деп санайды.

Пікір қалдырыңыз