52 өзбекстандықтың өлімі: Сотталушылар бас бостандығынан айырылды

Ақтөбеде автобус өртіне қатысты қылмыстық іске бүгін үкім шықты. Жүргізушілер мен құрылтайшы, механик әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында көшпелі сот отырысы өтті. Бүгін үкім оқылды. Жүргізушілер 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов Қылмыстық кодекстің 292, 345-баптарымен кінәлі деп танылып, түпкілікті 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар, сотталушылар 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылсын. Сотталушылар Бахадүр Пердебаев пен Нұрлыбек Тілепбаев Қылмыстық кодекстің 348 бабы бойынша айыпты деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандықтарынан айырылсын. Құрылтайшы 5 жыл басшылық қызмет атқару, механик 5 жыл көлік жүргеу құқығынан айырылсын», — деді Ырғыз аудандық сотының судьясы Серік Маханбетов.

Айта кетейік, сотталушылар жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде өтейді. Құрылтайшы Нұрлыбек Тілепбаев 300 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады.

Еске салсақ, 2018 жылдың 18 қаңтарында «Самара-Шымкент» автожолының 1068 шақырымда дизель отынның қатып қалуына байланысты автобус тоқтап қалған. Өрт кезінде 52 өзбекстандық қаза тапты. Сотталушылар Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов, Бахадүр Пердебаев пен Нұрлыбек Тілепбаевқа жаза тағайындаған кезде олардың бұрын сотталмағаны, асырауында жасөспірім балалары бары ескерілді.

Пікір қалдырыңыз