Тексеру студенттің заңсыз мемлекеттік грант иеленгенін анықтады – медициналық университет

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Рүстем Оңғарбаевқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Қарақалпақстанның тумасы Рүстем Оңғарбаев Марат Оспанов атындағы БҚММУ-нің «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша ақылы негізде оқыды. Студент бірінші курсты аяқтағаннан кейін, отбасының қаржылық жағдайына байланысты оқу ақысын төлей алмайтындығын түсіндіріп айтты. Университеттің оқу грантына қайта түсуге шешім қабылдап, құжаттарын кейін қайтарып алды. Ал кешенді тест тапсыру үшін құжаттар толтырған кезде айлакерлік әдісті пайдаланып, Қазақстан азаматы екенін жасырды. Тест нәтижесі бойынша ол мемлекеттік грантқа ілікпеді. Бірақ Білім және ғылым министрлігі комиссиясысының шешімімен «Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтарына арналған квота» санаты бойынша «Жалпы медицина» мамандығының білім беру грантына ие болды. Университеттің қабылдау комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейінгі мониторингтік тексеру барысында Рүстем Онғарбаевтың құжаттарынан оралман еместігі, оған грант заңсыз берілгендігі анықталды. Бұл іс бойынша барлық материалдар Ақтөбе облысының Ішкі істер департаментіне жіберілді», — деді Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Тарлан Әбілов.

Пікір қалдырыңыз