Ақтөбе облысының елдімекенінде мектеп оқушылары 60 теңгеге тамақтанып жүр

Көрнекі фото

Мәртөк ауданына қарасты Полтава ауылындағы орта мектеп өзін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Полтава орта мектебінің ауласында қырыққабат та, сәбіз де, картоп та өседі. Ал былтыр 50 түп алма ағашын отырғызған. Бұдан басқа, мектеп қоян өсіреді, арадан бал алады. Осының барлығы мектептің асханасына жіберіледі.Осылайша, мектеп оқушылары 60 теңгеге тамақтанып жүр.

«Кәсіпкерлік технологиясы курсына қатысқанда қоян өсіру идеясы ойыма келді. Балаларға да қызық болды. Басында 2-3 қоянды әкелдік. Кейін олар тез көбейе бастады. Сөйтіп, былтыр 78 келі ет алдық. Ал биыл қоянның саны 170-ке жетті. Үш айдың ішінде 50 келі қоян еті сойылды», — дейді Полтава мектебінің ди⁠ректоры Иван Классен.

Оның сөзінше, мектепте ауыл шаруашылығымен айналысуда негізгі идея балаларды тамақтандыру емес, оларды еңбекке баулуда жатыр.

«Жазғы демалыста балалар кезекшілікте болады. Мұғаліммен бірге екі сағат жұмыс істейді, шөп жұлады, суландырады. Әсіресе, бұзақылықпен айналыспасын деп әлеуметтік қорғалмаған отбасыдан, яғни не әкесі, не анасы жоқ отбасыдан шыққан балаларға зор мән береміз», — дейді Иван Классен.

Мектепте қоян өсірмей тұрғанда Иван Классен ауыл тұрғындарынан сауалнама алыпты. Соның нәтижесінде ауылда тек 2-3 отбасының ғана қоян өсіріп жүргендігі белгілі болды. Ал қазір мектеп ди⁠ректорына қарап, 15 отбасы қоян асырап алған.

«Қоян асырау, арадан бал алу қиын емес екендігін балалар арқылы ата-аналарға жеткізгіміз келді. Алғашқыда арадан бал алуды өзім де білмедім. Ал енді балалар ата-аналарына «қоян асырайықшы» деп айтып жүр. Қазір ауылда 18 отбасы қоян, 8 отбасы бал арасын ұстайды», — деді мектеп ди⁠ректоры.

Пікір қалдырыңыз