Ақтөбеде мектеп оқушысы қайтыс болды

Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында мектеп оқушысы көз жұмды. 7 жастағы Інжу Жанкинаның анасы Динара Баймағамбетова оқиғаның мән-жайын тілшілерге айтып берді.

Динара Баймағамбетова 8 баланың анасы. 2011 жылы Айгерім есімді қызынан дәл осындай жағдайда көз жазып қалды. Бұл отбасындағы екінші қайғылы оқиға. 7 жастағы Інжу Жанкина да қызуы көтеріліп, жедел жәрдем жетпей көз жұмды.

«Қызым соңғы уақытта тұйық болып кетті. Сондықтан дәрігерге апарып, қараттым. Ауруханаға апарған кезде үнемі ақылы бөлімге жіберіп тұрды. Көпбалалы отбасыда ақша жоқ, жағдайымыз ақылы емді көтере алмады. Сұрап, біліп, басын тексертіп алдым. Невропотолог та ештеңе айтпады. Сол күні қызуы көтеріліп, қызым күліп жүрді. Жедел жәрдем шақырып, күттік. Бес минутқа басқа бөлмеге кіріп кеткенде қызымның аяқ-қолы құрысып жатты. Тілін шығармақ болып, алғашқы жәрдемді бердім. Бірақ есінен танып, дыбыссыз қалды. Қатты қорыққан кезде көршілерім келді. Қолы жылы, тынысы бар деп өзімізді жұбаттық. Жедел жәрдем келгенде олармен ұрысқан емеспін, жалындым. Көршілерім келіп, олардың кеш жеткенін бейнекамераға түсіріп алдым. Екінші рет баламнан айырылып отырмын, кінәлілер жазалануы тиіс», — деді Інжу Жанкинаның анасы Динара Баймағамбетова.

Отбасы полицияға арыз жазып, жауапты адамдардың жазалануын сұрап отыр. Өлімнің себебі «тілін жұтып, тұншыққан» деп жазылды.

Пікір қалдырыңыз