Меценат Исламбек Салжанов салған балабақша 5 жылдығын атап өтті

Қобдалықтар меценат Исламбек Салжановты қамқоршы деп тануды сұрады.

Ақтөбенің Қобда ауданында меценат Исламбек Салжанов салған балабақшаға биыл 5 жыл. «Нұрлы болашақ» балабақшасында «IPAD» планшеттері , «E-BLOCKS» құралдары бар.

«Нұрлы болашақ» балабақшасының 5 жылдық мерекесі аудандық мәдениет үйінде өтті. Шараға ауыл тұрғындары, ұстаздар мен облыс, ауданның атқарушы билік өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Балалар мен ұжым жіті дайындалып, әке мен олардың кішкентай ханшайымдары вальс билеп, өлең шумақтарын оқыды. Сонымен қатар, жас гимнастшылар өнері көрерменін тәнті етті.

Айта кетейік, балабақша тәрбиеленушілері бұған дейін де ел ішінде жеңіске жетіп жүр. Олар республикалық «Үлгілі балабақша» байқауының бас жүлдесі, Санкт –Петербург ғылым академиясының президенті атынан Д.А. Қонаев орденімен, халықаралық «За вклад в развитие образования» медалімен, халықаралық экология және инженерия академиясының «Отличник образования» медалімен марапатталды.

«Балабақшаны «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданымыздан шыққан белгілі азамат, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов салдырып, ел игілігіне қолдануға берген болатын. Ең соңғы үлгіде, әрбір бұрышы балалардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз ойнауына орайластыра салынған мұндай заманауи ғимараттың баламасын облыс бойынша кездестіру қиын. Осындай аманат арқалаған орталықтың жұмысын өркендету біз үшін парыз», — дейді «Нұрлы болашақ» балабақшасының меңгерушісі Жұмазия Ертілеуова.

Балабақшада Монтессоридің «еркін тәрбиелеу» педагогикасы, өнертапқыштық тапсырмаларды шешу теориясы, денсаулық сақтау технологиясы, шахмат әліппесі, театр ойын –шығармашылығы, өлкетану бағытындағы жұмыстар жүргізіледі. Мектепке дейінгі мекемедегі балалар үшін «IPAD» планшеттері , «E-BLOCKS» құралдары берілді.

Меценат Исламбек Салжанов жаңадан салынған мектеп-гимназиясына спорт жабдықтарын алып беріп, IT бөлмесін толық жабдықтады. Оқуда үздік оқушылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жыл сайын Астана қаласына экскурсияға баруына демеушілік етеді. Бұдан басқа, Исламбек Төлеубайұлының қаражатына Қаракемер ауылын ауыз сумен қамтамасыз ететін 2 ұңғыма салынып, облыс орталығындағы жақында пайдалануға берілген «Аналарға тағзым» музей үйінің құрылысына 10 миллион теңге берді. Қобдалықтар меценат Исламбек Салжановты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «5 мың ауылға 5 мың қамқоршы» акциясының үздік үлгісі деп тануға лайық санайды.

Пікір қалдырыңыз