Ақтөбедегі шығармашылық орталығы жекенің қолына өтпейді

Ақтөбе қалалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы жекенің қолына өтпейді. Бұл туралы бүгін қалалық әкімдікте өткен кездесуде айтылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбедегі шығармашылық орталығы сенімгерлік басқаруға беріледі дегенді естіген ата-аналар бұл шешімге қарсы шықты.

Кеше олар жиналып, өздерінің ойларын, қарсылықтарын ашық айтты. Ал бүгін қалалық мәслихат депутаттары ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Депутаттар келер жылдың бюджетін талқылау кезінде мектептен тыс тәрбие жұмыстарына мемлекеттік тапсырыс беруді жоспарлағандарын айтып берді. Ал шағырмашылық орталықты жекеге беру қарастырылмаған.

«Кезектен тыс сессияда қосымша білім беру мекемелеріне мемлекеттік тапсырыс беру жұмыстары туралы қаралды. Ал ата-аналар дұрыс түсінбей, өз ойларын білдірді. Біз сенімгерлікке беру туралы мәселені мәслихатта қарастыра алмаймыз. Бұл жергілікті биліктің құзырындағы жұмыс. Негізі шығармашылық орталығын сенімгерлікке беру мүлде қарастырылған жоқ. Тек жеке орталықтарға мемлекеттік тапсырыс беру, қаржы қарастыру ұсынысы түсті», — деді қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова.

Жиын кезінде қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова жергілікті әкімдіктің жекеге беру ойы жоқ екенін жеткізді.

«Қазіргі кезде қалада 15 қосымша білім беру мекемесі бар. Онда 15 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың сенімгерлік басқаруға беру қарастырылған жоқ, жекеге басқаруға берілмейді. Қалада 100-ден астам репетиторлық орталық бар. Барлығы 40 мыңнан астам бала сол жерде білімін жетілдіріп жүр. Біз сол жерлерге мемлекеттік тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз», — деді Күлпаршын Айдарханова.

Айта кетейік, қалалық мәслихат депутаттары мемлекеттік тапсырыс беруге шешім қабылдамас бұрын қосымша үйірмелердің жағдайымен танысты. Есеп бойынша мемлекеттік мекемелер үшін әр балаға 50 мың теңгеден астам қаржы аударып отыр. Ал бұл кезде жеке орталықтарға 15-20 мың теңге жұмсалуы мүмкін. Қазіргі кезде депутаттар балаларға білім берудің осы жолын қарастырады.

Пікір қалдырыңыз