Ақтөбеде балалар шығармашылық орталығы сенімгерлік басқаруға қарсы шықты

Ақтөбе қалалық мәслихаты балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығын сенімгерлік басқаруға беру туралы ұсынысты қарады. Бүгін шығармашылық орталығына жиналған ата-аналар өз қарсылықтарын білдірді.

Ақтөбе қаласындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында 1 мыңнан астам бала бар. Олардың 45 пайызы үйірмелерге тегін қатысып жүр. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары кейде оқуға, би үйірмесіне қажетті керек-жарақты сатып ала алмай, мұғалімдерінің қамқорлығына алынған. Ал балалардың 5 пайызы жеңілдікпен тәлім алып жүр. Бүгін орталықтың сенімгерлік басқаруға берілетінін естіген ата-аналар өз қарсылықтарын білдіріп, пікірлерін ашық айтты.

«Немерелерімді шығармашылық орталығына әкелгеніме 10 жыл болды. Жеңілдік берілген, жағдайымыз жақсы, ғимарат іші де көңілге қонымды. Еш шағымымыз жоқ, бәрі өз ретімен жүріп жатыр. Бірақ бізге орталық сенімгерлік басқаруға берілетінін айтып, жүрегімізді ауыртып қойды. Бір үйде 4-5 бала болса, жекенің басқаруына берілгенде бізге күш түседі», — деді Серікғайша Альпиева.

Шығармашылық орталығының сенімгерлік басқаруға берілетіні туралы ақпарат ата-аналарға бір күн бұрын жетті.

«Мен 5 жылдан бері қызымды үйірмеге әкеліп жүрмін. Оған біреуі қарсы, кейбірі қолдады. Мен қарсымын. Мұнда тегін білім алатын балалар келеді. Егер сенімгерлік басқаруға берілсе, бәрі сөзсіз ақылы болады, ол балалар мұнда келе алмайды. Балалар далаға кетсе, көшеде тәрбиеленеді», — деді Гүлжамал Черкасова.

Айта кетейік, шығармашылық орталығында тегін ағылшын тілі үйірмесі бар. Шахмат та әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары үшін ақысыз.

«Біз өз қарсылығымызды білдіріп, қалалық мәслихатқа өтініш жазамыз. Орталықта 71 үйірме бар. Балалардың 45 пайызы тегін білім алады. Оларға 52 педагог білім береді. Ғимаратымыз тарихи орын, жөндеуден өткен, ішкі, сыртқы жағдайы жақсы. Оқушыларымыз байқауларда жеңімпаз атанып жүр», — деді орталық ди⁠ректоры Альфия Нығматуллина.

Пікір қалдырыңыз