Ақтөбе әкімдігі апатты үйлердің орнына құрылыс жүргізетін компанияларды іздеп жатыр

Ақтөбеде 16 көпқабатты үй апатты жағдайда тұр. Қазір әкімдік құрылыс компанияларына ұсыныс жасады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы Чекалин көшесінің тұрғындары 20 жылға уақыттан бері баспана жайын әкімдікке айтып келеді. Сонымен қатар, мұнда кәріз жүйесі дұрыс жүргізілмеген.

«Әкімдік жазылған хаттарға уақытылы жауап бермейді. Мен 20 жылдан бері осы үйде тұрамын. Әкімдік келіп, көмектесуге уәде берді. Қазір зейнетке шықтым, бұл проблеманы балаларымызға қалдырғымыз келмейді», — дейді тұрғын Ерсайын Нұрқатов.

Чекалин көшесіндегі 2, 3 қабатты тұрғын үй мен барак типті үй қылмыстық атқару жүйесі мекемесіне тиесілі болған. Кейін түрме қызмет көрсетуден бас тартып, әкімдік өз балансына уақтылы алмады. Қазір электр тогын беру, кәріз құбырында жиі проблема болады.

«Электр тогын, кәріз жүйесі өте қиын. Кәріз жүйесі бізде төмен орналасқан, ал орталық құбыр жоғары тұр. Сондықтан барлық қоқыс бізге келіп, кейде аула іші нәжіске толып кетеді. Кейбір адамдар жертөледе тұрады. Олар лас суға батып, қиналады», — деді Мария Кондрашенко.

Ал Чекалин көшесі 38 А үйінің тұрғыны 8 жылдан бері апатты үйде жан бағып отыр. Қазір құжаттары қолында, әкімдіктен көмек күтеді.

«Көктемде, күзде үй береміз деп айтып, соны күтіп отырмыз. Төбемізден су ағады, қабырғасы сөгілді. Үйді бермесе баратын жеріміз жоқ. Көмек сұрап, есік тоздырып, шаршадық», — деді Светлана Артықова.

Ақтөбе қалалық әкімдігінде 16 үй апатты деп танылған. Олардың орнына жаңа үй салу үшін инвесторларға ұсыныс берілді.

«Ақтөбе қаласындағы Чекалин көшесінің үйлері апатты жағдайда тұр. Апатты үйлердің орнына жаңасын салу туралы ұсыныстар ірі құрылыс компанияларына берілді. Бірнеше компания қарап, танысты. Бірақ ешқайсысынан жауап жоқ», — деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Рамазанов.

Пікір қалдырыңыз