Еуропарламент бір реттік пластик өнімдеріне тыйым салуды қолдады

Көрнекі сурет

Еуропарламент пластиктен жасалған бір рет пайдаланатын өнімдерді қолдануға тыйым салуды қолдады, деп жазады Азаттық.

Тыйым салуды мамыр айында Еуропа комиссиясы ұсынған. Еуропарламенттің сайтында хабарланғандай, енді жұқа пластик пакеттер, сұйықтық ішуге арналған түтікшелер, мақталы таяқшалар және тамақ ішуге арналған бір ретті пластик табақшалар мен ыдыстарды пайдалануға шектеу қойылмақ.

Тыйым біртіндеп 2021 жылға дейін енгізіледі. Тыйым салуды ұсынғандар Еуропадағы теңіз суларының ластанып бара жатқанына алаңдайды. Еуропа комиссиясының мәліметінше, Еуропа жағажайларын ластайтын қоқыстың жартысын бір рет қолданатын пластик өнімдері құрайды. Ал әлемдік мұхит суларындағы қоқыстың төрттен үш бөлігі — пластик өнімдері.

Еуропарламент сонымен қатар пластик өнімдерін шығарушыларды қоршаған ортаға пластиктен келетін залалды өтеуге міндеттеу ұсынысын да мақұлдады. Пластик өндірушілері бұған қоса Еуропа Одағындағы жағажайлар мен теңіздерді тазалауға жұмсалған шығынды да өтеуге міндеттелмек.

Енді Еуропа комиссиясы Еуропа Одағы елдерімен тыйымды күшіне ендіру жөнінде келіссөз бастауы тиіс.

Пікір қалдырыңыз