Нұрлыбек Жұбатқан: Ақтөбеде оқушыларға арнап өнер мектебін ашу ойда бар

Фото: Kerek-info.kz

Биыл жас актерлармен толыққан «Екі езу» театры 20 жылдық мерейтойымен қатар Нұрлыбек Жұбатқан өзінің жеке шығармашылық кешін бергелі жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қызу дайындықты қолға алған сатира ұжымы көрерменге арнап қараша айында үлкен кешті жоспарлап жатыр.

«Біз театырымыздың 20 жылдығына дайындалып жатырмыз. Оның ішінде «Нұрлыбек Жұбатқанның ән мен әзілі» атты шығармашылық кешім бар. Сол кеште «Түйреуіш» атты кітабымның тұсаукесері өтеді. Театрымызға жастарды алдық және бұрынғы қызмет етіп кеткен жандар қайтып келіп жатыр. Қазір «Екі езу» толықты. Бізді Алматы жақта «Батыс Қазақстанның сатира мектебі» деп айтады. Соған қуанамыз. Бұйырса кешімізге Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан әзіл майталмандары келеді», — дейді «Екі езу» театрының жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан.

Көп актердың бағын ашқан белгілі сатирик болашақта оқушыларға арнап өнер мектебін ашу да ойда бар екенін жасырмады.

«Театр өзі бір жолға салады. Ең бастысы талант болу керек. Талап болу керек. Ар жағында бір жылтыраған өнердің дәнегі болса, соны біз баптап, су құйып халыққа танытамыз. Ұжымдастарымның барлығы өз маман иелері, дипломдары бар. Ұстаз болуға, сабақ беруге білімдері жетеді. Келешекте театрдың атынан сатира бағыты бойынша, болмаса жалпы барлығын кірістіріп, бір үлкен өнер мектебін ашу ойда бар», — дейді театр жетекшісі.

Пікір қалдырыңыз