Ақтөбеде жалақыны кешіктіріп төлеген жұмыс берушілерге 30 млн теңге көлемінде айыппұл салынды

Фото: pavlodarnews.kz

Ақтөбе облысында тиесілі еңбекақысын арнайы инспекцияның көмегімен алып отырған қызметкерлер әлі де азаймаған.

Бүгін баспасөз мәслихатын өткізген облыстық еңбек инспекциясының басшылары басқармаға түскен шағымдардың 80 пайызы қызметкерлерге еңбекақы қарызының төленбеуіне қатысты екенін айтты.

«Басқармаға келген барлық өтініштер мен шағымдардың 80 пайызға жуығы еңбекақының төленбеуіне байланысты. Осындай 562 арыз түскен. Айта кету керек, анықталған заңбұзушылықтардың 70 пайызы еңбек қатынастары саласына тиесілі. Тоғыз ай ішінде облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдарда 554 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 1074 заңбұзушылық тіркелді. Оның 883-і еңбек қатынастары бойынша, 165-і еңбекті қорғау және 26-сы жұмыспен қамту мәселелері бойынша», — дейді Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бейбіталыұлы.

Инспекция тарапынан анықталған заңбұзушылықтар шеңберінде жұмыс берушілерге 28,8 миллион теңге айыппұл салынып, лауазымды қызметтегі 156 маман әкімшілік жауапқа тартылды.

«Жыл басынан бері облыста еңбекақының төленбеуі деректері бойынша жанжал туындаған жоқ. Мұндай нәтижеге облыс әкімдігімен жүргізілген тиімді шаралардың нәтижесінде қол жеткізілді. Биыл ішінде 381, 9 миллион теңге еңбекақы берешек өтелді. Сонымен қатар, прокуратура органдарымен бірлескен тексерісте 302 шаруа қожалығының 1068 жұмысшымен еңбек шарттары жасалмағаны анықталды», — дейді Бауыржан Бейбіталыұлы.

Пікір қалдырыңыз