Қазақстанда қайта өңдеу саласына салынған инвестиция көлемі 42% өсті

Қазақстанда қайта өңдеу саласына салынған инвестиция көлемі бір жылда 42% артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Еnergyprom-ға сілтеме жасап.

Порталда жарияланған мәліметтерге сәйкес, бүкіл өнеркәсіп секторының инвестициялық қоржынындағы өңдеу өнеркәсібінің салмағы 20%-ға жуықтаған. Қайта өңдеу секторына 8 айдың ішінде 745,9 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 41,8%, (ал салыстырмалы бағалар бойынша — 29,7%) артық.

Капиталдық салымдардың 44,2%-ы жазда Қазақстанның республикалық маңызы бар үшінші қаласына айналған Шымкент қаласының үлесіне тура келеді.

Қайта өңдеу секторына инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында Қарағанды (9,9%) және Атырау (7,5%) облыстары да бар.

Секторда инвестициялар көлемінің артуынан тыс, қайта өңдеу саласының елдегі жалпы капиталдық салымдар көлеміндегі үлесі де артып келеді. Жиынтық инвестициялық қоржындағы қайта өңдеу саласының салмағы үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында 11,7%-ды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 11% болса, мемлекеттік бағдарламалар аясында индустриалдық-инновациялық белсенді дамуға дейінгі 2010 жылы 7,5% айналасында ғана болатын.

Жалпы, үстіміздегі жылы өнеркәсіп секторына капиталдық салымдар үлесі былтырғымен шамалас — 19,4%. Сонымен қатар, қайта өңдеу сегментін белсенді дамытуға дейінгі 2010 жылы бұл көрсеткіш небәрі 13,3% деңгейінде еді.

Қайта өңдеу өнеркәсібінің басты инвестициялық магниттері — бензин және дизель, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеуден алынған басқа да өнімдер мен кокс өндіру (капиталдық салымдардың 49,8%-ы), металлургия (20,4%) және азық-түлік өнеркәсібі (11,2%) болып отыр.

Осы үш инвестициялық тартымды сала секторға салынған жалпы капиталдың 80%-ын қамтиды.

Пікір қалдырыңыз