Ақтөбе облысында соңғы 9 айда 138 әйелден сүт безі обыры анықталды

Көрнекі фото: medscape.com

Жалпы облыс бойынша 1300-ден астам әйел сүт безі обыры диагнозымен есепте тұр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры филиалының мәліметіне сәйкес, биыл өңірде сүт безі обыры 138 адамнан анықталды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 18 пайызға артық.

Қазіргі таңда ірі қаланың тұрғындары үшін медициналық қызметтер қолжетімді. Соған қарамастан көпшілік дәрігерге уақытында қарала бермейді.

Онкология және радиология ҰҒЗИ директоры Диляра Қайдарованың сөзінше, өмірінде 5-6 жыл бойы гинекология кабинетінің есігін ашпайтын әйелдер бар. Өз кезегінде олар уақыттың жоқтығын тілге тиек етеді. Осының салдарынан ауру асқынып, қатерлі ісікке айналуы мүмкін.

Ресми статистикаға сүйенсек, Ақтөбе облысында соңғы 9 айда 106 әйелге жатыр мойнының қатерлі ісігі деген диагнозы қойылды. Ал былтыр тек 78 әйелден ісік анықталған болатын.

Жалпы, еркектер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы генетика, ағзадағы ақаулар, жыныстық қатынасты ерте бастау, жыныстық жолмен таралатын ауруларды жұқтыру, вирустық инфекциялар мен түсік жасату сынды факторларға тәуелді. Бала сүю қабілеті де болашақ ата-аналардың ұстанған өмір салтымен тығыз байланысты.

Репродуктивті денсаулықтарын күтуге ақтөбеліктердің толық мүмкіндігі бар.

«Мәселен, диспансерлік есепте жоқ 30 бен 70 жас аралағындағы әйелдер 4 жылда бір рет жатыр мойны обырын анықтауға тегін тексеріле алады. Бұрын сүт безі ісігімен ауырып көрмеген 40-70 жас аралығындағы әйелдерге 2 жылда бір рет тегін скринингтен өтулеріне болады. Оған қоса, жүкті әйелдер мен көпбалалы аналардың жыныстық жолмен таралатын инфекцияларға анализдерді тегін тапсыруға мүмкіндігі бар. Өкінішке қарай, Қазақстанда әйелдердің 23 пайызы ғана скринингтен өтеді. Ал, дамыған елдерде онкологиялық сырқатқа шалдыққан әйелдердің 80 пайызының ауруы ерте анықталады және дер кезінде емделеді», — дейді Қор филиалының бөлім жетекшісі Салтанат Оңғар.

Пікір қалдырыңыз