Өзбекстанда «қара тізімге» ілініп, елге оралған екі адам сотталды

Ағайынды Аброл және Шухрат Дусмухамедовтар Ташкент әуежайында тұр. 28 мамыр 2018 жыл.

Ташкент қалалық соты қауіпсіздік органдарының «қара тізімінде» болған ағайынды Аброл және Шухрат Дусмухамедовтарды алты жылға соттау туралы үкім шығарды. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек редакциясы хабарлады. Өзбекстан билігі экстремизм бойынша күдікті деп таныған Аброл және Шухрат Дусмухаммедовтар 28 мамырда Ташкент әуежайына келген бойда ұсталған.

Сот 56 жастағы Аброл мен 53 жастағы Шухрат Дусмухамедовтерді тыйым салынған ұйымдарға мүше болды, шекарадан заңсыз өтті деп айыптады. Өзбекстанның тағы бір азаматы, 51 жастағы Журабай Сатибалдиев олардың сыбайласы деп танылып, бес жылға түрмеге қамалды.

Сот үкімі бар болғаны бес минутта оқылды. Айыптау актісінде ағайынды Дусмухамедовтердің діни «Жиходчилар» ағымына қосылғаны және «экстремистік әдебиеттер» сақтағаны айтылған. Сот материалдары бойынша, ағайындылар түрмеге қамалудан қорқып, 2013 жылы ақпанда Өзбекстаннан Түркияға кетіп қалған.

2017 жылдың маусымында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев күш құрылымдары түзген «қара тізімді» қайта қарап, одан себепсіз айып тағылған адамдарды шығаруды тапсырған. Тізімге «сенімсіз дін ұстанушылар» мен діни сеніміне бола іздеуде жүрген адамдардың аты-жөні енгізілген.

Кейбір мәліметтер бойынша, «қара тізімге» 16 мыңнан астам адам ілінген. 2017 жылы тамызда Өзбекстан билігі аталған тізімнен бірнеше мың адам — діни-экстремистік ағымдардың өкілдері мен қуғында жүрген диссиденттердің шығарылғанын хабарлаған.

Пікір қалдырыңыз