Ақтөбелік шаруалар «Сыбаға» бағдарламасымен асыл тұқымды ірі қара әкелді

Көрнекі фото: zhaikpress.kz

Ақтөбелік шаруалар «Сыбаға» бағдарламасымен Қазақстанға асыл тұқымды малдың алғашқы партиясын жеткізді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбелік шаруалар мал басын асылдандыру мақсатында Ресейдің Пермь аумағынан асыл тұқымды ірі қара сатып әкелді. Шаруаларға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несие берді. Қазір ірі қара Байғанин ауданындағы «Қызылшоқы» шаруа қожалығында тұр. Герефорд тұқымды 75 бас ірі қара ет өнімділігін арттыруға бағытталған.

«Біз қордың несиесін бірінші рет 2016 жылы алдық. Ол кезде «Игілік» бағдарламасы бойынша 30 бас ірі қара мал сатып алғанбыз. Жеңілдетілген несиелеудің артықшылықтарына сол кезде көзіміз жетті. Мөлшерлемесі төмен, мерзімі ұзақ, кепілдікке қойылатын талаптар ыңғайлы», — деді «Қызылшоқы» шаруа қожалығының басшысы Ринат Ерғалиев.

Шаруа мал сатып алуға 40 миллион теңге жұмсады. Малды ұстаудың карантиндік режимі аяқталып, сиыр жайылымға жіберілді.

«Сыбаға» бағдарламасының негізгі мақсаты — фермерлік шаруашылықтарды қолдау және ет бағытындағы малды көбейтуді қамтамасыз ету. Сондықтан бағдарлама шарттарымен ірі қара малды шетелден сатып алу қарастырылған. Бүгінгі күні 37 ақтөбелік шаруашылық бізден 1600 бас ірі қара мал сатып алуға қаржы алды», — деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина.

Айта кетейік, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 9,4 млрд теңгеге 447 шаруашылықты қаржыландырды. Несие қаражаты есебінен 55,7 мың бас сатып алынып, 623 адам жұмыспен қамтылды.

Пікір қалдырыңыз