Мектептердің спорт және мәжіліс залын ауыл тұрғындары пайдалануы керек — Сапарбаев

Ақтөбедегі әр ауыл мектебі сенбі, жексенбі күндері ауыл адамдарының спортпен шұғылдануына жағдай жасауы керек. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге тағы 100 спорт кешенін салуға тапсырма берді. Келер жылы Ақтөбе облысы бойынша 3 ауданға спорт-сауықтыру кешені салынады. Сөйтіп барлық аудан орталығы үлкен кешенмен қамтамасыз етіледі. Дегенмен ауыл жастары үшін мектептің спорт залдары ашық болуы керек.

«Ауылда спорт алаңын салу қиын емес. Даладағы алаң көп ақша қажет етпейді. Өкінішке қарай, әкімдердің көбі оған мән бермейді, ұйықтап жүреді. Ауылда спорт алаңы болмаса, мәдениет үйі болмаса, жастар қайда барады? Сондықтан спорт залдары мен мәжіліс залын пайдалану керек. Облыстық білім және дене шынықтыру, спорт, мәдениет басқармасына тапсырамын», — деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, ауыл мектептерін пайдалануға кесте жасалғанымен, дене шынықтыру пәнінің мұғалімін демалыста жұмысқа шығару реттелмеген. Өңір басшысы үш басқарма бірігіп, бұйрық шығаруға, аудан әкімдерінің барлық ауылды аралап, жұмысты пысықтауына 10 күн уақыт берді.

Пікір қалдырыңыз