Ақтөбе ХҚКО жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте тіркеуге болатынын хабарлады

Ақтөбеде бірнеше көлік жөндеу шеберханасында жүргізуші куәлігін және автокөлікті тіркеуді онлайн тәртіпте ауыстыруға болатындығы туралы акция өтті.

«Азаматтарға арналған үкімет» МК мамандары жүргізуші куәлігін және автокөлікті тіркеуді электрондық үкімет порталында ауыстыруғп болатындығы туралы көлік жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін электрондық-цифрлық қолтаңба (ЕЦҚ) қажет.
Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, ЕЦҚ-мен қол қоюы тиіс.

Өтінішпен қоса фотосурет пен қойған қолының скан-суретін де жолдап, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеу керек.

Айта кетейік, жүргізуші куәлігінің баж салығы 1,25 АЕК (3007 теңге) құрайды.
Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен толтырылған электрондық өтінішті және «Қызметтерді төлеу тарихы» бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек.
Сосын дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған ХҚО-ға алуға болады.

Өзіңізбен бірге қағазға басып шығарылған өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басыңызды куәландыратын құжат апару қажет.

Егер азаматтың электрондық-цифрлық қолтаңбасы болса, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы немесе ІІМ тіркеу-емтихан бөлімшелеріне бармай-ақ,автокөліктерін электрондық үкімет порталында рәсімдей алады.

Портал арқылы өтінім бергенде, ешқандай құжаттың скан-нұсқасын ұсынудың қажеті жоқ, себебі қажетті мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйелер арқылы алынады.

Қызметті онлайн алу үшін egov.kz порталында авторизациядан өтіп, сатылатын көлік жайлы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салық төлемдерін, техникалық жағдайынтексеруге сұраныс жолдау керек.

Егер қарыздар болса, электрондық портал арқылы өтеуге болады. Мұнан кейін автокөлікті сатып алушы азамат электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы сатушы қалдырған өтініммен танысып, айыппұлдарды тексергеннен кейін нөмір белгісіне, көлік құралын тіркеуге және тіркеу туралы куәлікке төлем жасай алады.

Сатып алушы өзінің ЭЦҚ-мен смарт-келісімді растаған соң мамандандырылған ХҚО-ға нөмір белгісін алып кету үшін ғана келеді. Сондай-ақ нөмірді үйге жеткізу қызметіне де тапсырыс беруге болады.

Пікір қалдырыңыз