Ақтөбеде орамалды оқушы жаңа оқу жылына мектеп формасымен келді

Фото: SN.kz

Ақтөбе қаласындағы N62 мектеп басшылығы бір жылдан бері орамалын шешпей жүрген оқушысының жаңа оқу жылында мектеп формасына ауысқанын қуана хабарлады.
«Былтырғы оқу жылында мектепке орамал тағып келетін 4 оқушы болды. Оның ішінде бір оқушымыз орамалын шешіп, мектеп формасымен сабаққа қатысып жүр. Ата-ананың бала болашағына бей-жай қарамағаны қуантады», — дейді N62 мектеп директоры Бағдагүл Нұртазина.
Мектеп басшылығы мектеп формасына бағынбай отырған ата-аналарға заңмен айыппұл салынатынын айтты.
«Білім және ғылым министрлігінің бұйрығында мектеп формасына діни элементтердің рұқсат етілмейтіні жазылған. Сонымен қатар, мектеп жарғысы, ішкі ережесі бар. Барлық оқушы мектептегі тәртіпті сақтауға тиіс.
Қазіргі уақытта біздің мектепте арнайы форманы сақтамағаны үшін сабаққа қатыспай отырған үш оқушы бар. Олар екі отбасының балалары. Мектеп формасын сақтамай отырған бұл ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады», — дейді мектеп директоры

Пікір қалдырыңыз