Украина радиосында «Менің Қазақстаным» бағдарламасы шығып тұрады

Украинадағы қоғамдық интернет-радио желісінде қазақ елі жайлы ақпарат таратылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

«Менің Қазақстаным» атты бағдарламаның ашылуына Киевтегі қазақ диаспорасы ұйытқы болған. Бағдарлама әр сәрсенбі сайын тұрақты түрде эфирге шығып тұрмақ.

Украинаның «Отчизна» қоғамдық интернет-радиосының әлемнің 20-ға жуық елінде 10 мыңнан астам тыңдаушысы бар. Жұмысын жарты жыл бұрын ғана бастаған желі ақпараттық-танымдық, мәдени, қоғамдық және құқықтық бағытта бағдарлама таратады. Бастапқыда радио әлемнің әр жерінде тұратын Украина азаматтарына арналған болатын. Бертін келе Украинада өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де эфир уақыты бөліне бастады.

Ал 2 қыркүйек күні радиода «Менің Қазақстаным» жобасы алғаш рет эфирге шықты. Тікелей эфирде ұлттың ұлы ақыны Абайдың өлеңі оқылды.

«Менің Қазақстаным» жобасы тұрақты түрде шығып тұратын болады. Бүгінгі эфир танымдық бағытта өтті. Келесіде қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті мен еліміздегі соңғы жаңалықтармен бөлісіп отырмақмыз. Украина мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыс жайлы да ақпарат айтылады. Алдағы уақытта Украина жеріндегі танымал қазақ азаматтары, оның ішінде музыкант және спорт саласында айтарлықтай жетістікке жеткен қазақ жерлестеріміз жайлы мәлімет айтып, эфирге қонаққа шақыратын боламыз», — деді жобаның авторы және жүргізушісі Марик Жанғұтинов. «Отчизна» радиосының негізін қалаушы және оның аға редакторы Иван Кокуцаның айтуынша, мұндай бағдарлама Украина-Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты арттыруға сеп болады.

«Менің Қазақстаным» жобасының эфир уақыты — 45 минут. Әр серсенбі сайын Киев уақыты бойынша сағат 17.00-де, ал Астана уақытымен кешкі 20.00-де эфирге шығады

 

Пікір қалдырыңыз