Ілияс Испанов букмекерлік орталықта бәс тігетіндердің кім екенін анықтауды тапсырды

Қалалық мәслихат жиынында ақтөбелік депутат қала әкімінен букмекерлік кеңселерді жабуды сұрады.

«Халықпен кездескенде букмекерлік орталықтар туралы жиі көтереді. Салық комитетінің мәліметінше, қалада 41 букмекерлік орталық жұмыс жасайды екен. Басқарушы компания 69-ын тапты. Оларды тапқанмен, салынатын айыппұл көлемі кішкентай. Күндіз-түні ақша айналдырып отырғандар үшін 50 мың теңге ештеңе емес. Ата-аналар балаларының сондай жерлерге кіріп кетіп, тіпті көп адамдар үйлерін салып жіберген. Олар күндіз-түні жасайды. Тәртіп бойынша ондай кеңселерге 21 жасқа дейінгі адамдар кіре алады. Бірақ кеше жергілікті полиция басшысы рейд жұмыстары кезінде бірнеше жасөспірімді кездестіргенін айтты. Сол себепті мұндай орталықтарды бұлай қалдырмауымыз керек», — деді қоғамдық кеңес мүшесі Ғалым Дәулеталин.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов депутатқа ойын орталықтарында бәс тігіп жүргендердің кім екені анықталатынын айтты. Әкім алдына жылап келетін ата-аналардың қайғысы мен отбасын несібесінен қағатындармен қалай жұмыс жасау керектігін түсіндірді.

«Бұл қоғамдағы өте талқыланып жатқан мәселе. Тек жабу емес, олармен бірге жұмыс жасауды қарауымыз керек. Шындап келген кезде ол жерде жасайтын азаматтар қаланың тұрғындары. Қазіргі уақытта букмекерлік кеңселердің тізімін анықтап, жұмыс тәртібі заңға сәйкес пе деген мәселе анықталады. «Маған және сізге олардың жұмысы ұнамайды» деп жауып тастауға да болмайды. Біз бұл жерде қоғамдық кеңеспен бірге жұмыс жасауымыз керек. Кешегі чемпионатта өзінің мініп жүрген көлігін сатып жіберіп, ұтылып қалған адамдардың бар екенін көрдік. Қазір ломбардтармен құқық қорғау орындары және әкімшілік келісімге отырдық. Ломбард орталықтары полиция қызметкерлеріне мәлімет беріп отырады. Біз букмекерлік орталықта бәс тіккен адамның кім екенін біліп, онымен жұмыс жасауымыз керек», — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Пікір қалдырыңыз