Жылу маусымы: Ақтөбеде көпқабатты үйлердің тұрғындары жертөлелерді өздері жөндеп алып жатыр

Қазан айында жылу маусымы басталады. Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлердің 85 пайызы жылу маусымына дайын. «Трансэнерго» АҚ өкілдері пәтер иелері кооперативтерін аралап, ескерту жасап жүр. «Трансэнерго» қызметкерлері жылда қиындық туғызатын үйлерді тексере бастады. Мамандар жауапсыздық танытып, жылыту құбырларын тазартуға асықпай отырғандардың барын айтты.

«Кошевой көшесіндегі тұрғын үй құжатын тапсырған жоқ. Жертөледегі жылу құбырлары еш күтілмепті. Пәтер иелері кооперативі тарапынан өткен жылы берілген нұсқаулар да орындалмаған. Жертөледегі құбырлардың әр жерінен су тамшылап тұр. Егер тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілмесе, жылу берілмейді», — дейді «Трансэнерго» АҚ маманы Серік Сатанов.

Кошевой көшесіндегі тұрғын үйге жауапты кооператив төрайымы жертөлесі шіріп жатқан үйдің құбырларын кешенді жөндеумен әрең ұстап отырғанын жасырмады.

«Бұл кооперативті алған кезде жертөленің барлығы бітеліп жатты. Ешқандай жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Өткен жылы І және IV подъезд тұрғындары 10 мың теңгеден ақша жинады. Жиналыста жөндеу жұмыстарын өздеріміз жасаймыз деп келісті. Ол үшін мен айлығымды шегеріп бердім. IX–X подъезд тұрғындары да жөндеу жұмыстарын өздері жасады», — дейді «Арай» ПИК төрайымы Бибігүл Омарова.

Пікір қалдырыңыз