Ақтөбеде қоғамдық көліктегі қалта ұрлықтары ашылмай қалып жатыр

Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің басшысы қоғамдық көліктерді бақылайтын мамандарының аз екенін жасырмады.

«Қалта ұрлығын ашумен айналысатын мамандарымыз аз болып тұр. Күніне қалада 370 қоғамдық көлік шығады. Автобустарда қалта ұрлықтары көп. Бұл мәселеде кадр тапшылығы қолбайлау болып отыр», — дейді қалалық ІІБ басшысы Бағланбек Құрманалин.

Қалада ұрлық көп. Ұрылар балабақша маңын көп торуылдайтын болып шықты.

«Республикалық деңгейде айтылып жатқан автокөліктердің айнасын ұрлау дерегі бізде тіркелген жоқ. Бірақ, аккумулятор ұрлау, машинаның терезесін сындырып сөмкелерін алып кетеді. Әсіресе, балабақшаға барғанда көпшілігі сөмкелерін машинада қалдырады. Ұрылар сондай кезді пайдаланады. Бұл қылмыстың түрімен де ұсталып жатқандар бар. Күні кеше аккумулятор ұрлығымен айналысатын бір топты қолға түсірдік. Олардың 8-9 дерекке қатысы бар екен», — дейді Құрманалин.

Полицейлер ақтөбеліктерден сақ болуды сұрайды. Сонымен қатар, тұрғындар иесіз қалған көршісінің үйін назарда ұстаса ұрылар саны азаяр еді деген пікірде.

«Көршінің көзқарасы бізге көп көмектеседі. Адамдары кетіп қалған үйді көршісі бақылап тұрса, ұрының түскенін дер кезінде хабарласа бізге жұмыс жасауға жақсы. Мұндай азаматтар да жоқ емес. Қылмыс ашуға көмектесетін азаматтарды міндетті түрде марапаттап отырамыз», — деді полиция басшысы.

Пікір қалдырыңыз