ҚПЛ: «Ақтөбе» үздік үштікке жақындай түсті

11 тамызда футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде 22-тур ойындары өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Ақтөбеде жергілікті «Ақтөбе» мен Қызылорданың «Қайсар» командасы кездесті. Аталмыш екі команда алғашқы турда Қызылорда төрінде шеберлік байқасқан еді. Ол жолы «Ақтөбе» командасы құрамында негізінен жастар ойнады. Өйткені, еліміздің футбол федерациясы тарапынан сол уақытта командаға бірқатар шектеулер жасалған еді. Соның салдарынан олар негізгі құрамға тек жастарды шығаруға мәжбүр болды. Соған қарамастан «Ақтөбе» жастары сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жетіп, алғашқы турда сенсация жасады.

Сол кеткен есені «Қайсар» қайтара ма деген қызылордалық жанкүйерлердің үміті бар еді. Десе де алаң иелері оған жол бере қойған жоқ. Соңғы төрт турда «Ақтөбе» жеңістің кермек дәмін татып көрген жоқ. Екі мәрте жеңіске жетіп, екі рет тең түсті. «Қайсармен» кездесуде де сол жеңісті жолын жалғастырды.

Ойынның бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Кездесудің 67-минутына дейін таразы басы тең тұрды. Маркос Пиззеллидің әуелете берген добын Александр Симчевич баспен қақпаға бағыттап «Ақтөбені» алға шығарды. Арада үш минут өткенде Руслан Валиуллин «Қайсар» қақпасынан саңылау тауып, есепті 2:0-ге жеткізді.

Ал 75-минутта «Қайсар» есеп айырмасын қысқартқан еді. Оны пенальтиден Асхат Тағыберген мүлтіксіз орындады. Ол араға бес минут салып, төрешіден қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Айтпақшы, бұл ойында стадиондағы жарық біршама уақыт сөніп қалды. Осының салдарынан төреші 90-минуттан кейін қосымша 15 минут қосуға мәжбүр болды. Бұл мүмкіндікті алаң иелері өз пайдасына жарата білді. «Ақтөбе» сапынан Жамбыл Көкеев гол соғып, қорытынды есепті белгіледі. Есеп 3:1. «Ақтөбе» сегізінші жеңісін тойласа, «Қайсар» жетінші рет жеңіліске ұшырады. «Ақтөбе» турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.

Бүгін, аталмыш турда тағы бір ойын өтті. Қостанайда жергілікті «Тобыл» Талдықорғанның «Жетісу» клубын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Ал осы турдағы «Ақжайық» пен «Астана» арасындағы кездесу 23 мамырда өткізіліп, онда оралдықтар 3:0 есебімен басым түскен еді. Аталмыш турдағы қалған ойындар 12 тамызда өткізіліп, бұл күні «Қызылжар» мен «Қайрат», «Атырау» мен «Ертіс», «Шахтер» мен «Ордабасы» жасыл алаңға шығады. Осымен алғашқы екі айналым мәресіне жетеді. Одан кейін ел біріншілігінде қорытынды үшінші айналым басталады.

Пікір қалдырыңыз