Қарағандылық оқушылар үш күн бойы Ақтөбе облысының көрікті жерлерімен танысады

Көрнекі сурет: aktobetimes.kz

Жаз бойы өткізіліп келе жатқан Республикалық «Туған жер» жобасының эстафетасын Ақтөбе облысы қабылдады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Оқушыларды еліміздің тарихи және киелі жерлерімен таныстыру мақсатында ұйымастырылған өлкетану акциясы енді Ақтөбе жерінде жалғасады. Алғашқы болып Қарағанды облысынан 68 оқушы келеді.

Облыстық білім беру басқармасы өңірдің көрікті жерлері мен сакралды объектілерін қамтитын үш күндік маршрут әзірледі.

Бірінші күні «Ару қала- Ақтөбе» мәдени, тарихи, әлеуметтік-экономикалық және архитектуралық қала объектілерімен танысу мақсатындағы экскурсия өтеді. Сонымен қатар, балалардың аквапарк, «Керуен» және «Yurta park» демалыс орындарына баруы қарастырылған.

Екінші күні Қобда ауданындағы «Әлия» патриоттық тәрбиелеу орталығына, “Абат-Байтақ” мемориалдық кешеніне, Қыз-әулие кесенесіне, Қобда аудандық мұражайына және Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне сапар ұйымдастырылады.

Үшінші күні қонақтар Алға ауданы Бестамақ ауылындағы Есет батыр кесенесіне барады.

Естеріңізге сала кетейік, аталған жоба аясында ақтөбелік оқушылар осы жазда Қарағанды облысына барған болатын.
.

Пікір қалдырыңыз