Бес елдің басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды

Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммитінде бес елдің басшысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, құжат бірқатар ережелерді қамтиды. Құжатты Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстан президенттері бекітті.

«Барлықтарыңызды маңызды құжатқа қол қойылуымен құттықтаймын. Біз әріптестерімізбен бірге Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу бойынша көп жылдық жұмыстың қорытындысын жасадық», — деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда Елбасы барлық бес мемлекет те теңіздің құқықтық режимін айқындауға күш-жігер салғанын қадап айтты.

«Конвенцияны даярлау процесінде барлық елдер саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, Каспий өңірін дамыту, оның табиғи байлығын сақтау сияқты мүддені ұстанды. Конвенция — Каспий теңізінің Конституциясы іспетті. Ол теңіз маңы елдерінің құқықтары мен міндеттемелеріне қатысты мәселелердің барлық кешенін реттеуге негізделген. Сондай-ақ, құжат жалпы өңір қауіпсіздігінің, тұрақтылығының және гүлденуінің кепілгері болуға арналған», — деп нақтылады Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путин аталған конвенция консенсус пен мүдделерді өзара ескере отырып, заманауи әрі теңдестірілген халықаралық құжат екенін атап өтті.

«Конвенция қажетті жіктеу шараларын, кеменің жүзуі мен балық аулау режімдерін айқын регламенттейді, қатысушы елдердің әскери-саяси өзара іс-қимылының ұстанымдарын белгілейді. Сонымен қатар, Каспийді тек бейбіт мақсаттарда пайдалануға кепілдік берілген», — деді РФ басшысы.

Пікір қалдырыңыз