Ақтөбе педагогтары жаңа оқу жылында кітаппен қиындықтар болмайтынын айтып сендірді

Биыл оқушыларды жаңа оқулықтармен қамту үшін облыстан 1 млрд 600 млн теңге қаржы бөлінген. Білім басқармасының мамандары жаңа оқулықпен қамтамасыз етілетін сыныптарда қиындықтар болмайды деп сендіреді.

Жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына «Өлкетану» пәнінің енгізілетіні жаңашылдық болмақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қосылған жаңа пәнді 6, 7 және 8 сынып оқушылары оқи бастайды.

«3, 6 және 8 сынып оқушылары жаңа оқулық бойынша білім алады. Мазмұнын білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия бекіткен. Биыл оқулықтан проблема болмайды. 7 тамыздан бастап баспаларда дайын оқулықтарды тиеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар 15 тамызға дейін жалғасатын болады. Оқулықтар дер кезінде балаларға жету үшін жұмыстарды ерте бастап кеттік», — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Марат Мыржықбаева.

Қазір өңіріміздің барлық мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Облыстық білім басқармасы 15 баспамен келісімшартқа отырған. Олардың қатарында «Атамұра», «Алматы кітап», «Бөбек», «Келешек», «Арман-ПВ», «Көкжиек» баспалары бар.

Пікір қалдырыңыз