Рафхат Бисенов Ақтөбе облысының тәртіп сақшылары мен дәрігерлерінің сыбайлас жемқорлыққа бейім екенін меңзеді

Бүгін мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Рафхат Бисенов сыбайлас жемқорлыққа бейім салаларды атап өтті. Оның пайымынша, полиция қызметкерлері, педагогтар мен дәрігерлер арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар саны әлдеқайда жоғары.

«Еңбекақылары төмен шығар. Рас, ақшасы аз деген сыбайлас жемқорлыққа жол беру дегенді білдірмейді», — дейді ол.

Рафхат Бисеновтің айтуынша, жол сақшылары қызмет барысында адамдармен жиі байланысқа шығады. Сондықтан, мұндай байланысты болдырмау үшін электронды форматқа көшу маңызды.

«Қызмет беруші мен қызмет тұтынушы арасында байланысты болдырмау керек. Әрине, кейбір салаларда байланысты мүлдем алып тастау мүмкін емес», — дейді агенттік өкілі Рафхат Бисенов.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында мемлекеттік қызмет көрсету саласында жыл басынан бері 2 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған.

Пікір қалдырыңыз